Accessibility links

Ресейлік ресурстар Украинаның "Өрмек" операциясының "ізі" Қазақстанға апарады деді. Астана не айтады?


Украинаның арнаулы қызметі Ресей аумағындағы әскери аэродромдарға дронмен шабуыл жасап, кемінде 11 стратегиялық бомбалаушы ұшақты жойды. Ресейдің ақпарат ресурстары дрон бөлшектері көрші Қазақстаннан жеткізілген болуы мүмкін деген болжам айтып жатыр. Ресейлік Telegram арналар "Өрмек" операциясына қатысы бар деген күдікке ілінген бір адам Қазақстанға кетіп қалған деп жазды. Бұған Астана не дейді?

2025 жылғы 1 маусымда Ресейдің алыстағы нысанаға соққы беретін стратегиялық ұшақтары орналасқан екі әскери базасы – Мурманск облысындағы "Оленья" және Иркутск облысындағы "Белая" әскери аэродромдары дрон шабуылына ұшырады.

Ұшқышсыз аппараттар әскери аэродромға жақын жанармай құю бекеттері мен тұрақтарда тұрған жүк көліктерінің тіркемесіндегі контейнерден ұшып шыққан. Амур облысында осындай контейнерлер тиелген екі жүк көлігі жолда өртеніп кеткен – олар нысанаға Қиыр Шығыстағы "Украинка" базасын алмақ болғанға ұқсайды деген болжам айтылып отыр.

Ресей Украина аумағын қанатты зымыранмен атқылауға пайдаланған ұшақтардың кемінде 11-ін жойған дрон шабуылдарын Украинаның арнаулы қызметі "Өрмек" операциясы деп атап, оны алдын ала дайындап, жүзеге асырғанын мәлімдеді.

Украина арнаулы қызметі Ресей аумағындағы әскери әуе базаларына дронмен шабуылды "Өрмек" операциясы деп атады
Украина арнаулы қызметі Ресей аумағындағы әскери әуе базаларына дронмен шабуылды "Өрмек" операциясы деп атады

Осы шабуылдардан кейін Ресей әскерін қолдайтын Telegram-арналар әлгі дрондар Челябинск облысындағы қоймада жиналған болуы мүмкін деген ақпарат таратты. Операцияға қатысқан екі жүк көлігінің мемлекеттік тіркеу нөмірлері осы облысқа тиесілі. Қазақстанға қоңсы орналасқан бұл шекаралық аймақ тиімді логистикалық нүкте ретінде пайдаланылған болуы ықтимал деген болжам айтылды. Оған қоса, дрон бөлшектерін көрші елден жеткізген болуы мүмкін деген долбарлар пайда болды.

Мәскеу Ресейдің әскери әуе базаларына жасалған шабуылдарға Қазақстанның жанама түрде әлдебір қатысы болған деген ресми ақпарат айтқан жоқ.

Ресейлік Mash telegram-арнасы дрон шабуылдарына қатысы бар жүк көліктерінің иесі "Өрмек" операциясы басталардан бірер күн бұрын Қазақстанға кетіп қалған деп жазды. БАҚ аты-жөні Артем Тимофеев деген ол адам Украинада туған және Ресей азаматтығын алған деп хабарлады.

Кремльді есеңгіреткен соққы
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:45 0:00

Қазақстандағы реакция

Ресейлік билікке жақын ақпарат ресурстары Украинаның арнаулы қызметтерінің операциясынан "Қазақстан ізін" табуға тырысып жатқан тұста ресми Астана ондай долбарларға ешқандай айғақ-дәлел жоқ деп мәлімдеді.

2 маусым күні Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров әлгіндей негізсіз болжамдарды "анонимді Telegram арналары таратып жатқанын" айтты.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров

"Мен түрлі астарлы теория мен долбарларға түсініктеме бермеймін. Егер біздің ресми органдарға қандай да бір ресми сауалдар түссе, біз барлығына ресми түрде жауап береміз", – деді Смадияров журналистерге.

Ол әлгіндей теорияларға қатысты пікір білдіруді "біздің сарапшылардың" еншісіне қалдыратынын айтты.

Ондай пікір иелері де көп күттірген жоқ.

Қазақстан президентінің телерадиокешеніне қарасты "ҚазАқпарат" мемлекеттік агенттігі 3 маусымда саясаттанушы Әділ Сейфуллиннің пікірін жариялады. Ол Ресейдегі шабуылдарға Қазақстанның қатысы болуы мүмкін деген мәлімдемелерді "елімізге деген сенімді үзуді және оны текетірес отына тартуды көздейтін алыпқашпа сөздер" деп атады.

"Қазақстан ЕАЭО мен ТМД аясында Ресейдің серіктесі болып қала береді, бірақ, гуманитарлық және әскери ынтымақтастықтың ара-жігін айқын ажыратады. Бұл – әлеуметтік желілердегі ұран емес, іс-әрекетімен бекіген ресми мемлекеттік ұстанымының бір бөлшегі, – деген саясаттанушы. –Қазақстанға тағылып жатқан айыптаулар ресми органдар емес, анонимді Telegram-арналар мен баяғыдан медиалық қысым мен гибридтік әсер ету құралына айналған жекелеген "әскери тілшілерден" шығып жатыр. Олардың көздегені – Қазақстан мен оның негізгі серіктестері арасына сына қағу, Астананы халықаралық қауымдастық алдында қаралау, елдің егемендігі мен сыртқы саясатының прагматизмін күмәнді етіп көрсету".

Сейфуллин өз ойын "қоғамның біртұтастығы, ақпараттық өрісінің кемелдігі және арандатуларға қатаң түрде бой алдырмауы" әлгіндей алыпқашпа сөздерге қарсы тиімді жауап болады деп түйіндеді.

Челябинск облысымен шекаралас орналасқан Қазақстанның Қостанай өңіріндегі "Наша газета" ақпарат порталы да бұл мәселеге назар аударып, запастағы полковник Дархан Данияровтың пікірін берді. Ол Украина операциясындағы "Қазақстан ізі" туралы хабарларды "тұспалды жала" деген.

"Кәсіби әскери сарапшы ретінде кесіп айтарым: бұл мәлімдемелер негізсіз ғана емес, олар не таяздықтың нәтижесі, я болмаса Қазақстанның беделіне кір жағуды көздеген ақпараттық арандату", – деп жазды Данияров.

"Ақпараттық шабуыл жасау арқылы елімізді халықаралық жанжалдарға тарту әрекеттері – жаңалық емес. Мұндай айыптаулар Қазақстанды сыбайлас бейнесінде көрсету, ел ішінде тұрақсыздық туғызу және еліміздің аймақтағы жауапты ойыншы ретіндегі беделіне нұқсан келтіру мақсатын көздейді", – деді ол.

Данияров өз мақаласын: "Қазақстанды "бөтеннің авантюрасына" тартуға жол бермеу керек" деген үндеумен аяқтаған.

Билікшіл Tengrinews.kz жаңалықтар сайты Қазақстан парламенті мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, депутат Константин Авершиннің пікірін жариялады. Ол да әлдекімдер Қазақстанға қарсы ақпараттық арандатуға барған деп топшылайды.

"Сырт жақтан жекелеген бір күштер Қазақстанды түрлі тараппен араздастырмақ болып ара-тұра осындай ақпараттық арандату жасайды. Өз жағына тарту мақсатында. Олар "бот-фермаларын" да іске қосады. Бұл – қазіргі геосаяси тұрақсыздық дәуірі үрдісінің бір бөлігі", – деді Авершин.

Ресейдің Мурманск облысындағы "Оленья" әуе базасындағы әскери ұшақтарға шабуылдаған дроннан түсірілген суреттер
Ресейдің Мурманск облысындағы "Оленья" әуе базасындағы әскери ұшақтарға шабуылдаған дроннан түсірілген суреттер

Қосалқы бөлшектер Қазақстаннан жеткізілген болуы мүмкін бе?

Депутат Авершин дрондар Қазақстаннан Ресейге жеткізілген болуы мүмкін деген болжамды үзілді-кесілді теріске шығарды.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Константин Авершин
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Константин Авершин

– Бізде құрастырылатын дрондарды жіті бақылауда ұстайды. Бірде-бір бөлшек сыртқа кетпейді. Сондықтан бұл ойдан шығарылғанның бәрі – мақсатты ақпараттық диверсия. Қазақстанның жалғыз ұстанымы бар – бейбітшілік. Президентіміз ол туралы үнемі айтып жүр. Қазақстандықтар соғысқа қарсы. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі ретінде ондай өндіріс орындарына жиі барып тұрамын. Сондықтан біздегі бөлшектер де, дайын өнім де бөтен қолға түскен жоқ деп ресми түрде мәлімдеймін, – деді депутат.

Алайда мұндай пікірмен жұрттың бәрі бірдей келісе бермейді. Халықаралық қауіпсіздік саласы бойынша сарапшы Рустам Бурнашев дрондар құрастырылатын бөлшектер Ресейге көрші ел арқылы жеткізілген болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Себебі, алдын ала мәлімет бойынша, дрондар Ресейге тұтас қалпында емес, әуелі жеке-жеке бөлшек түрінде жеткізіліп, кейін сонда құрастырылған.

Сарапшы Рустам Бурнашев
Сарапшы Рустам Бурнашев

– Бөлшектер Ресейге көрші ел арқылы жеткізілуі әбден мүмкін деп ойлаймын. Қазақстанды немесе Беларусьті я Грузияны қорғаштауға тырысып, қайсыбір елді бөле-жара атамас едім. Техникалық тұрғыда ондай мүмкіндік бар. Айналма жолдар да бәрібір бар, – деді Рустам Бурнашев "Настоящее Время" арнасына.

Ресей ірі ойыншы болып есептелетін Еуразия экономика одағына (ЕАЭО) Қазақстан да мүше. ЕАЭО шартына сәйкес, оған мүше елдер арасында тауар айналымы еркін жүреді.

Ресми Астана бұған дейін Еуропа Одағы мен АҚШ-тың Ресейге қарсы енгізген санкция режиміне бағынып, шектеу шараларын сақтап отырғанын бірнеше рет мәлімдеген. Биыл 21 мамырда Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин Қазақстан "серіктестері алдында сенімді" екенін және санкцияларды көбіне "өзіне зиян келтірсе де" бұзбай келе жатқанын айтқан еді.

Алайда Қазақстанда тіркелген бірнеше компания Еуроодақ пен АҚШ-тың санкция тізіміне енген. Олар Ресейге соғысқа қажет қосарланған мақсаттағы тауарлар мен санкцияға ілінген өнімдерді қитұрқы жолмен жеткізуге қатысқан деген күдікке ілінді. Азаттық Ресейдің қорғаныс саласына қатысы бар компанияларға қосарланған мақсаттағы жоғары технологиялық өнімдерді қазақстандық фирмалар қалай жеткізіп отырғаны туралы зерттеу жариялаған. Үкімет журналистік зерттеу материалдарға байланысты жауабында кейбір жеке коммерциялық компаниялар санкция шектеуін бұзған болуы мүмкін екенін, бірақ жалпы алғанда елде санкция тізіміндегі тауарлар экспорты мен импортына бақылау жүргізіп отырғанын мәлімдеген.

Егер тіпті дронға қажет бөлшектер Қазақстаннан жеткізілгені туралы болжам расталған күннің өзінде де, Қазақстанға Ресейдің немесе Батыстың наразылық білдіріп, талап қоюы неғайбыл деп есептейді Бурнашев.

– Қосарланған мақсаттағы өнімдер қозғалысын толықтай бақылау өте қиын. Мұны Батыс та, Ресей де түсінеді – ол жылдар бойы талқыланып келе жатқан мәселе. Бұл жерде мемлекеттік деңгейде наразылық болмайды, ондайға негіз жоқ. Бірақ арнаулы қызметтердің өзара әрекеттестігі нығайып, тиімділігі арта түсері анық. Көші-қон, кеден, экспорт бақылауы күшейтіледі. Олай болуы әбден мүмкін, – деді саясаттанушы.

Украина билігі 1 маусымда, Ресей әскери-көлік авиациясы күнін атап өтіп жатқанда іске асырған "Өрмек" операциясы нәтижесінде ресейлік 41 ұшақты "дрон зақымдағанын" ресми түрде мәлімдеді. Мәскеу стратегиялық авиациясының 34 пайызынан айырылды, деді Киев.

Ресейдің Иркутск облысындағы "Белая" әуе базасында жанып жатқан әскери ұшақтардан әуеге көтерілген түтін
Ресейдің Иркутск облысындағы "Белая" әуе базасында жанып жатқан әскери ұшақтардан әуеге көтерілген түтін

Алайда нақты расталған деректер Ресей күштеріне келген шығынды былай деп көрсетеді:

  • 7 Ту-95 ұшағы (тағы біреуі зақымдалған болуы мүмкін);
  • 4 Ту-22М3 ұшағы;
  • 1 Ан-12 жүк таситын ұшақ (ол стратегиялық авиацияға жатпайды).


Украинаның "Өрмек" операциясының салдарын талдаған сарапшылар мен әскери талдаушылар Ресей стратегиялық бомбалаушы ұшақ қорына келген шығынның орнын толықтыра алмайтынын айтады – елдің ядролық қорғаныс құрылымының бір бөлігіне тиесілі бұл ұшақтар көп жыл бұрын өндірістен алынып тасталған.

XS
SM
MD
LG