Черногорияда прокурор Дина Смайылованы Қазақстанға экстрадициялауға қарсылық білдірген

Дина Смаилова (сол жақта) және оның адвокаты Далибор Томович (оң жақта). Подгорица, 5 маусым 2025 жыл.

Бүгін, 5 маусымда Подгорица (Черногория) қаласында “НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Смайылованы Қазақстанға экстрадициялауды сұрап отырған Қазақстан бас прокуратурасының сұрауы бойынша алғашқы сот тыңдауы өтті.

Қор жетекшісінің Азаттыққа айтуынша, Черногория прокуратурасы белсендіні Қазақстанға экстрадициялауға қарсылық білдірген. Адвокат Қазақстанда азаптау барын, қылмыстық істерде бұрмалаушылық болуы мүмкін екенін және жемқорлық деңгейі жоғары екенін алға тартқан. Енді судья істі екі апта қарап, шешім шығаруы керек.

Бұған қоса, Дина Смайылова шілдеде өзіне саяси босқын мәртебесін беру туралы шешім шығуы керектігін де айтты.

Қазақстан ішкі істер министрлігі 2023 жылдың соңында Дина Смайылованың үстінен алты қылмыстық іс қозғалғанын, олардың арасында "алаяқтық", "көрінеу жалған ақпарат тарату" мен "жеке өмірге қол сұқпау құқығын бұзу" баптары барын мәлімдеген. Оны елге экстрадициялауға да күш салған.

Ал белсенді өзіне қарсы істің саясиланғанын айтқан.

Дина Смаилова жетекшілік ететін "НеМолчи.kz" қоры тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің құқығын қорғайды.

Your browser doesn’t support HTML5

"НеМолчи" жетекшісі неге босқын болғысы келеді? | Дина Смайыловамен сұхбат