Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты ауылында 4 маусымда күндіз бір отбасының бес баласы қаза болды. Болжам бойынша, олар ыстан уланып мерт болған болуы мүмкін деп жазды “Мой город” сайты.
“Балалардың барлығы жедел көмек көлігімен аудандық ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер барынша күш салды, бірақ оларды құтқару мүмкін болмады” деді БҚО денсаулық сақтау басқармасы.
Сырым ауданы әкімдігінің хабарлауынша, Жымпиты ауылында жеке үйдің жанып жатқаны жөнінде хабар шамамен сағат 15:00-де түскен. Құтқарушылар оқиға орнына хабарлама түскеннен кейін бес минутта жеткен. Үйде 30 шаршы метр аумақта үйдің ішіндегі жеке заттар мен жиһаздар жанып жатқан. Ал балалар есінен танып қалған, ауруханада көз жұмған.
Ақпаратқа қарағанда, қаза болған балалардың ең үлкені – 6 жаста. Қалғаны 2020, 2021, 2023 және 2024 жылы туған.
Отбасы жалға алынған үйде тұрған. Өрт кезінде ата-анасы жұмыста болған деп айтылады.
Қазақстанда өрттен қаза болған балалар жайлы ақпарат жиі шығады. Биыл қаңтарда Қарағандыда өрт орнынан екі баланың денесі табылған. Былтыр күзде Астанадағы жеке үйлердің бірінде өрт шығып, 13, 9, 3, 2 жастағы төрт бала көз жұмған. Оның алдында Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке үйде өрт болып, бес бала өлі табылған.