Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Дәрия ауылында Украинада Ресей жағында соғысып, қаза болған 33 жастағы Данияр Қылышевті жерледі. ҰҚК қылмыстық іс қозғады, туыстары тергеуге барып жүр деп жазды "Уральская неделя" басылымы.
Басылымның мәліметінше, Қылышев 22 наурызда қаза болған. Жерлеу рәсімі 2 сәуірде өткен.
Туыстарының сөзінше, 2014 жылы Ресейге жұмыс істеуге кеткен Данияр Қылышев сол жақта тұрақтап қалған. Отбасын құрған. Қазақстандағы туыстарына қаржылай көмектесіп тұрған.
2024 жылы көктемде Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған. Туыстары бұған қарсы болып, тіпті әкесі ұлын айныту үшін Ресейге де барып келген. Бірақ Данияр Қылышев ниетінен қайтпаған. Туыстарының сөзінше, оны соғысқа баруға итермелеген жайт - ақша.
"Егер олай-пұлай болып кетсем де, ештеңе жоғалтпаймын" деді ол. "Не ақша табамын, баспана сатып аламын немесе..." деген. Оның сөзін туыстары келтіреді.
Басылымның жазуынша, жерлеу рәсімінен кейін ұлттық қауіпсіздік қызметі оның ата-анасын тергеуге шақырған. Іс әлі жабылмаған.
Қазақстан заңнамасы өз азаматтарына шетелде соғысқа қатысуға тыйым салады. Украинадағы соғысқа қатысқан қазақстандықтар туралы мәлімет жиі шығады. Бұған дейін украиналық “Хочу жить” ұйымы Украинадағы соғыста Ресей жағында соғысып жүрген 600-ден астам қазақстандықтың тізімін жариялаған. Кемі 78-і соғыста қаза болған.
2024 жылдың қарашасындағы дерекке сәйкес, Украинада соғыс басталғалы бері (2022 жылғы 24 ақпаннан бастап) Қазақстанда шетелдік қақтығыстарға қатысқан 46 қазақстандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда олардың нақты қаншасы Украинадағы соғысқа қатысты екені көрсетілмеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тұтқын алмасу кезінде Ресейге берілген қазақстандық өзін соғысқа қайта жіберейін деп жатқанын айтты