Ташкент пен Токио келісімі: 10 мың өзбекстандыққа Жапониядан жұмыс тауып бермек

Токио көшесінде. 22 маусым, 2022 жыл.

Өзбекстан үкіметі жанындағы көші-қон агенттігі мен Жапонияның Japan-China-Asia Medical Educational Cultural Exchange General Incorporated Foundation (JCAEMCE) ұйымы бес жыл ішінде Жапонияда 10 мың өзбекстандықты жұмыспен қамту туралы келісімге қол қойды. Бұл ақпаратты таратқан өзбек агенттігінің хабарлауынша, жоба Жапонияда жұмыс істеуге ниет білдірген Өзбекстан азаматтарына дайындалып, жұмысқа орналасуына көмектесуді көздейді.

Келісім аясында Ташкентте, Самарқан және Наманған облыстарында жапон тілін үйрететін Yapon Mahorat Nuri курстары ашылмақ.

Осы айда Жапониядағы бос жұмыс орындарын өз бетімен таңдауға және жұмыс берушімен тікелей байланысуға мүмкіндік беретін WiseBridge атты онлайн-платформаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл платформа 2025 жылдың маусым айында жұмысын бастайды.

Жапонияға сапармен барған кезде өзбек шенеуніктері ол елдің өкілдерімен виза тәртібін жеңілдету және Жапонияға кіруге рұқсат алу мерзімін қысқарту мәселелерін де талқылаған.

Өзбекстан экономикасы шетелге жұмыс іздеп кеткен еңбек мигранттарының ақша аударымына айтарлықтай тәуелді. Ұзақ уақыттан бері өзбекстандық еңбек мигранттары жұмыс істеуге баратын негізгі ел Ресей болатын және әлі де көп өзгеріп кете қойған жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Рубль күшейіп, Орталық Азия мигранттарының табысы артты. Бұл ұзаққа бара ма?

Кремль Украинаға қарсы соғыс бастаған соң, кейінгі жылдары Ресейде Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан шыққан мигранттардың жағдайы қиындай түсті. Майданға Орталық Азия елдерінен шыққан мигранттарды тарту оқиғалары жиілеген. Бұған қоса, 2024 жылы "Крокус Сити Холлда" жасалған терактіден кейін, Ресей билігі бұл қылмысқа Тәжікстан азаматтарын кінәлаған соң, елде мигранттарға қарсы рейд пен тексеру күрт көбейген еді.

Еуропа елдері Орталық Азиядан барған мигранттарды аз мөлшерде қабылдайды – оларды әдетте ауыл шаруашылығындағы маусымдық жұмыстарға тартады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қиындап кетті". Орталық Азия мигранттарын Ресейге барудан тежейтін үрей мен белгісіздік